Төтенше жағдай тәртібінде көкпар ұйымдастырған Алматы облысының тұрғыны жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіні зерделеу кезінде Алматы облысының полициясы ғаламтор желісінен Алматы облысының аумағында бір топ азаматтың облыстағы елдімекендердің бірінде жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерге қауіп төндіріп, көшеде көкпар тартқаны туралы бейнежазбаны тапты.
Анықтау барысында оқиғаның биылғы 23 наурыз күні сағат 17.00 шамасында Шамалған ауылының Жібек жолы көшесінде түсірілгені белгілі болды.
«Қазіргі уақытта ұлттық ойынның ұйымдастырушысы анықталды. Ол 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Жасаған әрекеті бойынша құқық бұзушының қазіргі төтенше жағдайдың ауқымдылығы мен маңыздылығын сезінбегені белгілі. Оның сөзінше, ол көкпарды «Наурыз мерекесіне» орай ұйымдастырған. Дегенмен, елімізде төтенше жағдай жарияланғанын біле тұра, ол қоғамдық шараға ұйытқы болған. Сонымен қатар, ұлттық ойын елдімекендегі жолдың бойында ұйымдастырылған, яғни ол заңнама талаптарын өрескел бұзу болып табылады», - деп хабарлады Қарасай АПБ басшысы Асхат Данияр.
Аталған оқиға бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес, яғни «Төтенше жағдай тәртібін бұзу» дерегі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалып, нақты процессуалдық шешім қабылдау үшін материал ауданаралық сотқа жолданды.