Нұр-Сұлтанда «гашиш» есірткі затын сатқан үш тұрғын ұсталды

29.08.2020 00:41

Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады

Almaty.tv

Нұр-Сұлтанда «гашиш» есірткі затын сатқан үш тұрғын ұсталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында бұрын сотталған 37 жастағы елорда тұрғыны қолға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Одан 350 грамм «гашиш» салынған 5 полиэтиленді орама тәркіленді. Сонымен қатар, есірткі заттарын сатумен айналысқан екі сыбайласы анықталды.  Тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тінту жүргізу барысында құрамында «гашиш» бар 37 полиэтиленді орама, электронды таразы және 1 млн.165 мың теңге, сондай-ақ 2260 АҚШ доллары сомасындағы ақша тәркіленді. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 2,5 келіден астам «гашиш» тәркіленді, оның сату бағасы «қара нарықта» 1 миллион теңге. Аталған жайтқа байланысты іс қозғалып, ұсталған адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ал Қарағанды облысында тәртіп сақшылары көлігінің жарығын сөндіріп, қолына шам ұстап алып көлік жүргізген ер адамды ұстады. Оқиға Қарағанды-Аягөз автожолында болған. ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі түнде күн көзілдірігін киіп, телефондағы шамды қосып, алдыңғы әйнекті жарықтандырып отырған. Ол мұнысымен жолда қауіпті жағдай тудырған. Ер адамның мұндай оғаш әрекетін байқаған полиция қызметкерлері көлікті тоқтатуды талап етеді. Бірақ ол мән бермей жылдамдықты үдеткен. Полиция көлікті қуып жетіп, жүргізушіден құжаттарды талап еткенде, ол үйде екендігін айтып, құжатты ұсынудан бас тартады. Сонымен қатар, ер адам сол жерде шешініп, белгісіз бағытқа кетемін деп қорқытқан. 30 жастағы азаматтың көлік салонын тексеру кезінде полицейлер ерекше иісі бар өсімдік тектес қара-жасыл түсті зат салынған полиэтилен пакетті тапқан. Сараптама бұл марихуана екенін анықтады. Куәландыру кезінде ұсталған азаматтың есірткі қолданғаны анықталыпты.