Алматыдағы балабақшалардың бірінде бүлдіршін аяусыз соққыға жығылды

23.02.2024 20:19

Қалалық білім басқармасы жағдай "№51 бөбекжай-бақша" балабақшасында болғанын мәлім етті

Almaty.tv

Әлеуметтік желілерде балабақшада бір топ бала бүлдіршінді жабылып ұрып жатқаны туралы видео тарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

- Біздің ұлымызды балалар аяусыз соққыға жыққан. Ұрып-соғу шамамен 5 минутқа созылды. Тәрбиеші жоқ, өз шаруасымен шығып кеткен. Баламыздың миы шайқалған, ауруханаға жатқызылды. Кішкентай балалардың да осындай қатыгез болғаны ма, - деп жазады зардап шеккен баланың ата-анасы.

Қалалық білім басқармасы жағдай "№51 бөбекжай-бақша" балабақшасында болғанын мәлім етті.

Алынған түсіндірме хатқа сәйкес, тәрбиеші бұл уақытта балаларға түскі ас алып келу үшін шығып кеткен. Сол себепті, балалардың тәртібін қадағалай алмаған.

- Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен тәрбиеші қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар балабақша меңгерушісіне де тәртіптік жаза қолданылды, - деп хабарлады Алматы қалалық білім басқармасынан.

Оқи отырыңыз: Ақтауда жоғалған 16 жастағы қыз үш аптадан бері табылмай жатыр