Олар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының және Алматы қаласының тумасы боп шықты
30 шілде күні Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторларының рейді кезінде үш браконьер ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Ерекше қорғалатын табиғи аймаққа Toyota Land Cruiser маркалы автокөлік кіргені анықталды.
"Инспекторлық топ автокөліктің ізі арқылы Бұғыты таулары Алмасай аймағында мемлекеттік нөмірі жоқ автокөлікті тоқтатып, оны тексеру барысында мылтыққапқа салынбаған үш дана ойық ұңғылы мылтық (TIKKA T3 N-308, TIKKA T3x LITE, ВЕПР-308 ), екі дана пышақ, бір дана рация, және арнайы контейнерге салынған ет анықталды. Сонымен қатар автокөлік жанынан Сібір тау текесіне ұқсас аңның терісі табылды", - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, көлікте болған үш азамат ұсталды: олар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының және Алматы қаласының тумасы боп шықты.
"Айғақ заттарға уақытша алып қою қаулысы толтырылып, Ұйғыр ауданы полиция бөліміне тапсырылды", - деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.