Негізі, сатып алған орны - қаза тапқандардың қатарында екен
Еркін Өтепов - апаттан аман қалған жолаушылардың бірі. Ол Нұр-Сұлтан қаласына іс сапармен ұшпақшы болған екен. Тек соңғы сәтте ұшақтың артқы бөлігіне отыруының арқасында ғана тірі қалыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Негізі, сатып алған орны - қаза тапқандардың қатарында екен. Оның айтуы бойынша, салоны суық әуе кемесі соққы алғаннан кейін, бірден төмен қарай құлдилай бастаған.
Алдын ала суық хабарды ескерткендей, ұшақтың іші салқын болғанын басқа да жолаушылар байқаған. Өзінің 9 айлық баласы мен жарын алып, Нұр-Сұлтанға беттеген Мақсұт Ғатиат жаңа жылды ата-анасымен қарсы алып, немерелерін алғаш көрсетуге асыққан екен. Ұшақ қозғалған сәттен бастап, жолаушы жары мен баласын қолынан жібермегенін айтады.
Бейбіт күнде ерлік жасалмайды десек қателесерміз. Кейде адамның қас-қағым сәтте шешім қабылдап, батырлық танытып жататын сәттер жиі кездеседі. Bek Air әуе компаниясының ұшағы құлаған сәтте жолаушылардың бірі жанында отырған жүкті әйелді денесімен жауып аман алып қалған. Бұл туралы ұшақта болған жолаушылардың бірі Әсем Жапишева әлеуметтік желіге жазған.
«Оның жанында менің аяғы ауыр қызым Гүлім Ақышева отырған. Темірлан ұшақ құлаған сәтте оны денесімен жауып қалған. Апаттан соң қызымды қауіпсіз жерге апарып, өзі өзге жолаушылардың шығуына көмектескен. Ол нағыз азамат, өзінің жарақатына қарамастан осындай қиын сәтте батылдық танытты. Біз, Гүлімнің ата-аналары Темірланның ата-анасына осындай ер азамат тәрбиелегені үшін алғыс айтқымыз келеді», - деп алғысын білдіріпті.