Алматыда альпинист тау басына шығып жатқан кезде көру қабілетінен айырылды. Соған байланысты альпинистер тобын таудан шұғыл түсіру бойынша арнайы операция жүргізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Төтенше жағдай 3 қаңтарда Кіші Алматы шатқалында болды.
«Кіші Алматы шатқалында Солтүстік жотамен Мәншүк Мәметова шыңына шығып, оқу-жаттығу жүргізу кезінде бір альпинистің көзінің шынайнасы үсіп қалды. Ол көрмей қалды», – делінген Алматы қаласы «құтқару қызметі» хабарламасында.
Соған байланысты тауға өрмелеу шұғыл түрде тоқтатылып, альпинистер төменге түсті. Мұндай бұйрықты радиобайланыс арқылы құтқару қызметінің авариялық-құтқару жасағы бастығының орынбасары Дамир Молгачев берді.
«Зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін құтқару қызметі, Тұйық-Су альпинистік лагерінің нұсқаушылары және Алматы қаласы альпинизм федерациясының спортшылары оны Тұйық-Су шатқалына шұғыл түрде түсірді», – деп нақтылады Алматы құтқару қызметінің баспасөз қызметі.
Қазір зардап шеккен азаматтың көру қабілеті ішінара қалпына келіп жатыр. Енді оның денсаулығын тұрғылықты жері бойынша дәрігерлер бақылайды.