Қызылорда облысында МИ-8 тікұшағының құлауына 3 фактор әсер етуі мүмкін

Қызылорда облысында МИ-8 тікұшағының құлауына 3 фактор әсер етуі мүмкін
Апат техниканың істен шығуы, адами фактор немесе ауа райының қолайсыздығынан болуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында МИ-8 ұшағының құлауына техникалық ақау немесе адами фактор себеп болуы мүмкін. Тіпті, ауа-райының қолайсыздығы да болжам ретінде қарастырылып отыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Бүгінде апаттың нақты себептерін мемлекеттік комиссия анықтап жатыр.

13 адамның өмірін жалмаған апатқа қатысты алғашқы болжамдарды еліміздің Қарулы күштері әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен Қосанов мәлімдеді. Оның айтуынша, тікұшақтың құлаған кезін көргендер де бар екен. Куәгер МИ-8 әуе кеңістігінде болған кезде жан-жаққа шашыла бастағанын айтқан. Экипаж мүшелерінде бір-екеуінде катапульт жасау мүмкіндігі бола тұра, олар құтқару амалына бармаған.

«Мен апат болған жерге бірінші жеттім. Алғашқыда тікұшақ бөліктерінің жан-жаққа шашырап кеткенін көрдім. Куәгер ауыл тұрғынының айтуынша, тікұшақ тура оның үстінен ұшып өтіп барып құлаған. Бұл экипаждың соңына дейін күрескенін дәлелдейді. Шаруа қожалығы зардап шекпес үшін тікұшақты басқа жаққа бұрып әкеткен», - дейді ҚР Қарулы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Дәурен ҚОСАНОВ.

27 наурызда көз жұмған әскерилердің отбасына 5 жылдық айлық көлемінде қаржылай көмек көрсетілмек. Бұдан басқа, жұмыс орнынан берілген қызметтік баспананы қайтыс болғандардың жақындары өз аттарына өткізе алады. Сонымен қатар, гендік сараптамадан кейін төрт сарбаздың денесі туған жеріне жеткізіледі.

Еске салсақ, 27 наурызда Қызылорда облысында Ақтаудан Шымкентке бет алған МИ-8 тікұшағы құлаған болатын. Жалағаш ауданында апатқа ұшыраған әуе кемесінде болған 13 адамның барлығы көз жұмды. Қайтыс болғандардың ең үлкені 1978 жылғы болса, ең жасы 1994 жылы дүниеге келген.

Новости партнеров