|
21.07.2021 | 16:18
3847

Нұр-Сұлтанда ер адам ойыншық тапаншамен ломбард тонап кетті

Күдікті өз кінәсін мойындады

Нұр-Сұлтанда ер адам ойыншық тапаншамен ломбард тонап кетті  ҚазАқпарат

Елорда полицейлері ойыншық тапаншамен ломбард тонаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оқиға кеше болған. «102» пультіне астана ломбардтарының бірінен кассир хабарласып, белгісіз ер адам тапанша кезеніп, 200 мың теңгені тонап кеткені туралы айтқан. Кассирдің берген мәліметі бойынша, күндізгі сағат 12.00-де медициналық маска киген ер адам терезеден тапанша кезеніп, целлофан дорбаға кассадағы ақшаның бәрін салуды сыбырлап бұйырған. Бұйрық орындалмаса, тапаншамен атып тастайтынын айтып, қорқытқан. Кассир айтқанын орындап, кассадағы бар ақшаны тонаушы ұсынған дорбаға салып берген. 

«Оқиға орнына жедел полиция жасағы келіп, күдіктінің белгілерін анықтады. Жедел басқару орталығының операторлары бейнекамераларды сүзгіден өткізіп, күдіктіге ұқсас ер адамның ізіне түсті. Кадрдан оның асығыс жүріп бара жатып, белгісіз затты байқатпай лақтырғаны айқын көрінеді. Ол тастаған белгісіз зат – ойыншық тапаншаны басқа бір жүргінші тауып алған. Күдікті сауда үйінің тұрағында ұсталды. Ол қала маңындағы кенттің 28 жастағы тұрғыны болып шықты», деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Күдікті өз кінәсін мойындады. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамауда отыр. Аталған оқиға ізімен «қарақшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир