|
26.09.2023 | 20:33
5035

Нарынқол ауылында көлік қаққан қыздардың жағдайы ауыр

Ауыл адамдары кінәлі деген 15 жастағы баланы психологтар бақылап отыр

Нарынқол ауылында көлік қаққан қыздардың жағдайы ауыр Almaty.tv

Алматы облысы Нарынқол ауылында көлік қаққан алты жасөсіпірімнің біреуі ауыр жағдайда Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нарынқолда жас бала көлікпен қаққан қыздардың үшеуі ауыр халде жатыр. Қазір олардың бәрі Алматы облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Ал біреуін кеше ғана жедел жәрдем көлігімен Алматыға алып келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бес күн бұрын 15 жастағы бала Нарынқолда ағасының машинасын рұқсатсыз мініп шығып, жол шетіндегі 5 оқушыны таптап кеткен еді.

Тынысы тарылып, демі үзілуге шақ жатқан 15 жастағы Дамираны дүйім ел дұға жасап Алматыға аттандырды. Ес-түссіз жатқан баланың жағдайын дәрігерлер ауыр бағалап, көп қан жоғалтқан деп отыр. Сол себепті де оны жол апатынан бес күн өткен соң Алматыға әкетуге тура келген.  

– Көлікті жылжытып, қызымызды шығарып алдық. Ауыр соққы алған, іш-құрылысынан қан кетіп, гематома болған. Полицейлер жүргізуші куәлігі жоқ оқушыларды қадағалап, дұрыс жұмыс істеуін талап етемін, – деді Дамираның анасы Роза Нақысбек.

– Ол рұқсатсыз ағасының машинасын айдаған. Жағдай ауыр болып тұр, – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Маржан Рысбекова.

– Нарынқолдың жолын жасау керек. Ауруханаға кішкентай қыздарды алып бара жатыр. Жол нашар, он сағатта әрең жетеді, – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Марғұлан Әлдибеков.

Тамтығы қалмаған машинаға қарап, соққының ауыр болғанын бағамдауға болады. Оқиға болған көшеде дөңгелек іздері қалған. Куәгерлер де көліктің көз ілеспес жылдамдықпен келгенін айтты.

– Жасөспірім рөлге отырмау керек еді. Екі ортада қыздар зардап шекті. Бәрі жазылып кетсін, қиын жағдай болды ғой. Бала кінәлі, – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Ләззат Күліпаева.

Ал ауыл адамдары кінәлі деген 15 жастағы баланы психологтар бақылап отыр. Жақындарының айтуынша, ата-анасы жоқ, қазір ағаларының қамқорлығында екен.

Жұрттың жағасын ұстатып, алты адамды қаққан көлік қарама-қарсы шыққан велосипедтен қашамын деп, оқушыларға қарай рөлін бұрған.

– Бүгін бесінші күн болды, қыздардың аман-есен сауығып кетуін тілеп отырмыз. Екі Аяла, Еңлік, Аяжан, Дамирадан кешірім сұраймыз. Інім мені, мен оны қорғамаймын. Ол заң алдында жауап беруге дайын. Ініме де оңай болып жатқан жоқ. Қазір сол сәт есіне түссе, қайта-қайта жылайды, – деді баланың ағасы Әлібек Күзімбеков.

Ал ауыл адамдары елдімекенде есі кеткенше қатты жүріп, тәртіп бұзатын жастардың да барын жасырмады. Сол себепті жергілікті полицейдің де жұмысын сынға алып отыр. Ал болар іс болып, бояуы сіңген соң ғана облыстық полиция қызметкерлері тәртіпке ден қоя бастаған.

– Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта сараптамалық тексеру тағайындалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Алматы облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен, барлық ауданда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін патрульдік наряд күшейтілді, – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.

– Зардап шеккен қыздардың жағдайы ауыр. Оның үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Нарынқолдан шамамен төрт-бес сағаттай жол жүріп келген қыздың жағдайы ауыр болды, өміріне қаупті болған. Қазір жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Өздігінен тыныстап жатыр, – деді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Рақым Ахан.

Ойда жоқта басы бәлеге қалған бала үйінде отыр. Онымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал көлік айыптұрақта тұр. Қазір бүкіл ауыл 6 баланың аман қалуын тілеп отыр. Оқиғаның мән-жайын тергеу анықтайды.

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы


Оқи отырыңыздар: Петропавлда үй өртеніп, 3 адам көз жұмды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир