Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы аудандық аурухананың үшінші қабатынан секірмек болған адам өлімнен аман қалды. Полицей Алмас Құсайынов оның өміріне араша түсіп, құтқарып қалған деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 маусымда Жамбыл аудандық ауруханасына күйзелісте жүрген 45 жастағы ер адам келіп түскен.
«Ол ұзақ уақыттан бері ащы суға салынып, дәрігерлердің көмегіне мұқтаж болыпты. Алайда сырқат адам емдік шараларын алудан бас тартып, ауруханадан кететінін айтқан. Бірақ тілегі орындалмаған науқас өз-өзіне қол жасайтынын айтып, аурухананың үшінші қабатындағы терезесіне шығып алыпты», - делінген хабарламада.
Ақ халаттылар дереу полиция мен төтенше жағдай қызметін оқиға орнына шақырған. Мамандар тез арада жетіп, терезенің астына матрас төсеп, азаматқа мұндай қателік жасамауды өтінген. Алайда ол әрекеттерінен нәтиже шықпапты.
Соңында, құлап бара жатқан ер адамды полицей Алмас Құсайынов ұстап қалып, палатаға алып кірген.
Жамбыл ауданының полицейі Асхат Тегенбаевтың айтуынша, суицид жасамақ болған адам Алматы қаласының тұрғыны екен. Ол Ұзынағашқа келіп, бірнеше күн бойы шімдік ішкен. Оны туыстары ауруханаға жатқызыпты. Қазір 45 жастағы азамат жақындарының қолына қайта тапсырылды.
Ал полиция өз-өзіне қол жұмсауға не итермелегені жөнінде тексеру жұмыстарын жүргізеді.