Оқушы өлімі: Қызылорда облысындағы оқиғаға сыныптасы күдікті деп танылды

14.02.2024 00:19

Тәртіп сақшылары фактінің мән-жайын анықтауға кірісті

Фото: Polisia.kz

Қызылорда облысында тоғызыншы сынып оқушысы қаза тапты. Бейресми мәліметке сүйенсек, қайғылы жағдайға жоғары сынып оқушыларының төбелесі себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға кеше сағат 14:00-де қала іргесіндегі Белкөл кентінде болған. Мектеп оқушысының денесі көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінен табылыпты. Тұрғындардың сөзінше, екі оқушы сөзге келіп, бірін-бірі соққыға жыққан көрінеді. Ал ақпар түсе салып, аумақты қоршаған тәртіп сақшылары аталған фактінің мән-жайын анықтауға кіріскен. Тергеу құпиялығына байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.  

– 12 ақпанда Қызылорда қаласы Белкөл кентіндегі медициналық мекемеге кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің мәйіті жеткізілген. Аталған дерек бойынша тергеу басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда. Тергеу барысы Қызылорда облыстық полиция департаментімен бақылауға алынды, – деді Қызылорда ОПД бастығының орынбасары Амангелді Досжанов.    

Бүгін түстен кейін аталған іске қатысты 10-сынып оқушысы күдікті деп танылды. Қазір жасөспірім қамауда отыр. Сондай-ақ балалардың тәрбиесіне немқұрайлы қараған мектеп директоры мен оның орынбасары жұмыстан босатылып үлгерді.

Айта кетейік, Қызылорда облысында биыл екі оқушы көз жұмды.

– Оқиғаға күдікті деп танылған жалғызбасты ананың баласы екені анықталып отыр. Балалар мектептен сағат 14:00-де сабақ аяқталғаннан кейін шыққан. Төрт бала болған, қасындағы 3 бала көтеріп жеткізген. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқанда бала үзіліп кетті, – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.