Ташкенттегі жарылыстан 600-ге жуық пәтер зардап шекті

29.09.2023 20:31

Қалада қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Видеодан алынған кадр

Ташкенттегі жарылыстан 600-ге жуық пәтер зардап шекті. Қала басшылығының өкілі Шавкат Умурзаковтың мәлімдеуінше, апат кесірінен 26 көпқабатты үй мен 8 сауда орталығының, 1 мектеп пен 2 балабақшаның көп жері бүлінген, деп хабарлайды Almaty.tv.

24 тұрғын үй мен 25 жер үйдің шатыры қираған. Өзбекстан президентінің пәрменімен қазір тексеру тобы құрылды. Дәл қазір қалада қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

– Апат салдарын жою үшін Қорғаныс министрінің бұйрығымен жеке құрамнан 2 мыңнан астам маман келді. Қазір зардап шеккен тұрғын үйлерден адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, қоқыс шығарып, медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Еріктілер де жұмылған. Барлығы жоспарға сай әрекет етуде, – деді Өзбекстанның Қорғаныс министрлігінің басқарма бастығы Хасан Халилов.

Айта кетсек, қыркүйектің 27-інен 28-іне қараған түні Ташкенттегі әуежай маңында қуатты жарылыс болып, 163 адам жарақаттанып, 2006 жылы дүниеге келген 1 жасөспірім ажал құшты. Жарақат алғандардың 24-і ауруханаға жатқызылды. Билік жапа шеккендерге көмек көрсетуге уәде етті.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында теріс діни ағымның жақтастары ұсталды