Облыста жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 143 жол апаты тіркелген
Тасжолға дейін жайылып кететін төрт түлік көлік жүргізушілеріне қатер төндіріп тұр. Қараусыз әрлі-берлі өтетін малдың кесірінен адам өліміне әкелетін апат жиілеп кеткен. Мегаполис іргесінде мұндай жағдай жылдан-жылға көбейіп барады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде көліктер бір-бірімен ғана емес, тасжолда бейберекет жүретін малмен де жиі түйісіп, арты қайғылы оқиғаға алып келіп жатады. Көп жағдайда мал иелері темір тұлпар жүргізушілерін кінәлауға асығады. Алайда тәжірибелі бақташылар үй жануарларының көлік астына түсуі көбіне оны бағып жүргендердің салғырттығынан болатынын айтады.
– Түрлі адам болады. Ұйықтамай қалсам да жылқының жанында жүремін. Жолға шығып кеткен қауіпті, соның алдын аламыз, – деді жылқышы Сансызбай Зікірия.
Ірі қара, түйе, жылқылар автожолдарға шығып, салдарынан болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Оның алдын алу үшін малдарға әсіресе түнгі уақытта жарық шағылыстырғыш жіп тағып, не чиптеп, құлағын сырғалайды.
Жол қозғалысына кедергі келтіретін мал заң бойынша айып қорасына қамалуы тиіс. Әр үй жануарының құлағындағы сырғасы, не арнайы чипі арқылы иесі анықталып, оған айыппұл салынады. Егер төрт түлік арнайы жол белгісі жоқ жерден өтіп, көлік астына түскен болса, онда малшы апаттың шығынын өтеуі тиіс.
– Биыл Қарасай ауданының өзінде 7 факт тіркеліп отыр. Оқиға орнында сиыр өліп, сойып алған жағдай болды. Материалдық шығынды жануарлардың иесіне айыппұл салып, өндіреміз, – деді Қарасай ауданы Пплиция басқармасы бөлімінің мемлекеттік көлік аға инспекторы Баукен Байымбетов.
Облыста жыл басынан бері үй жануарларының қатысуымен 143 жол апаты тіркелген. Қатерді азайту үшін жауаптылар аудан малшыларына арнайы жасыл түсті жарық шағылыстырғыш ленталар таратты.
– Алматы облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында бірінші квартал бойынша 133 жол-көлік оқиғасы болып, 28 адам қаза тауып, 170 адам түрлі дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам түрлі дене жарақатын алды, – деді «ҚазвтоЖолсервис» ЖШС Облыстық филиалының бас инженері Амангелді Боранбаев.
Тәртіп сақшылары төрт түлік асырайтын азаматтарға селқостық танытпай, малды баққанда абай болуды сұрайды. Ал көлік жүргізушілеріне жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді.
Әйкерім Пернебек, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жасанды интеллект комитеті құрылды