Павлодарда ер адам өгей қызын жерге лақтырып, бас сүйегін сындырған. Ер адамға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 42 жастағы жүкті әйел хабарласып, көңілдесі төрт жасар қызы мен анасына дене жарақатын салғанын және салдарынан қызы жарақатпен ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған.
«Жәбірленушінің айтуынша, үйге ішіп келген көңілдесі ешбір себепсіз әйелге дене жарақатын салған. Бұған қоса, қызын арашалаған сәтте оның анасына да қол жұмсаған. Салдарынан анасы басын ваннаға соғып алған. Мұнымен шектелмеген ер адам кішкентай өгей қызын жоғары көтеріп, жерге тастай салған, сәби басын еденге соққан», - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 2018 жылғы баланы 19 тамызда кезекші травматологтар қарап шығып, рентгенге түсіргенін хабарлады.
Бүлдіршіннің жеңіл дәрежеде миы зақымданып, жабық бас сүйек-ми жарақатын алған. Сондай-ақ басының төбе сүйегі сынған.