Bek Air апатына бір жыл. Арада осынша уақы өтсе де, мәселеге әлі де нүкте қойылған жоқ. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 29 адам жарақат алды. Соған қарамастан, оқиғаға кінәлілер анықталмады. Алдын-ала билет алған жолаушыларға орындалмаған рейстері үшін ақшасы да қайтарылмаған. Сұрақ көп. Шешім қашан болады? Almaty.tvтілшісі Ұлағат Арғын айтсын.
2019 жыл, 27 желтоқсан. Bek Air компаниясының Алматы – Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшағына тіркеу таңғы сағат 05:35 кеткенде басталды. Әуе кемесі 07:21 өткенде ұшуға аттанған. Бортта қолға ұстайтын жүкпен қосқанда 1200 келіге жуық жүк тиелген екен. Ал 4 минуттан кейін дабыл қағылды. Өйткені, ұшақ радардан жоғалып, хабарсыз қалған.
Апаттан зардап шеккендерге бүгінге дейін сақтандыру компаниясы 129 миллион 361 мың теңге төлеген. Жараланғандардың емі де осы сақтандыру компаниясы есебінен өтеліп жатыр екен.
«2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы қаласының маңайында болған апат бойынша Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 әуе кемесі фактісіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қазіргі уақытта шет елдерден құқықтық көмек көрсету мақсатымен осыған дейін жіберіген материалдарға жауаптар күтілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеудің мән-жайларына қатысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Айта кетейік, Гүлдала елдімекенінде 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағынына кеше тура бір жыл толды. Жантүршігерлік апаттан 12 адам қаза тауып, 29 адам жарақат алған еді. 51 адам жақын маңайдағы ауруханаларға жеткізілген болатын. Қайғылы оқиғадан кейін Бек эйр әуе компаниясы ұшу лицензиясынан айырылған.
Ал, үй иесі Решет Қалибек баспанасы қирағаннан бөлек, қазір басы дауға қалып жатыр. Баспананы заңсыз жерге салынды деген айыппен ол да соттың шешімін күтіп отырғанын айтады. Қазір тұратын тұрғылықты мекен-жайым да жоқ дейді. Апат болған уақыттан бері ешқандай көмек алмаған. Бүгін осы іске қатысты Талғар ауданында кезекті сот отырысы өтті. Алайда тараптардың жинаған материалдары мен дәйеккөздері толық емес болғандықтан келесі сот 6 ақпанға белгіленді.
«Үй жағына Талғар аудандық әкімдігі көмек береміз деген. Бірақ қазір қаржылық болсын, басқа болсын, көмек алған жоқпын. Bek Air-ден көмек күтпеймін мен. Алдағы уақытта әділетті шешім шығады деп ойлаймын. Маған енді қып-қызыл жала болып отыр ғой», – деді үй иесі Решет Қалибек.
Bek Air ұшақ апатына 1 жыл уақыт болса да, алдын-ала билет алған жолаушылар орындалмаған рейстер үшін әлі күнге дейін ақшасын қайтара алмай жүр. Компанияның оларға берешегі 100 миллион теңгеден асады.
Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы