Алматы облысындағы ерекше қорғалатын аумақта аң аулаған адам ұсталды

Браконьерден тәркіленген еліктің еті тиісті сараптамаға жолданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы ерекше қорғалатын аумақта аң аулаған браконьер қолға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Талғар ауданының тәртіп сақшылары Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, жоспарлы тексеру жүргізу барысында ерекше қорғалатын аумақта аңшылық жасады деген күдікпен 61 жастағы ер адамды ұстады.

«Арнайы шара барысында 1959 жылы туған Талғар ауданының тұрғыны ұсталды. Оның автокөлігінен еліктің денесі мен 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылып, тәркіленді. Аталған дерекке қатысты қолданыстағы Қылмыстық кодексті 337-бабының 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Бағдат Әшімов.

Браконьерден тәркіленген еліктің еті тиісті сараптамаға жолданды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген материалдық шығын анықталады. Сот шешімімен күдікті мекен жайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

«Алматы облысы аумағында бір ай ішінде полицейлер табиғат қорғау заңнамасының талаптарын өрескел бұзудың 13 дерегін әшкереледі. Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп толықтырды Бағдат Әшімов.


Новости партнеров