Bek Air компаниясы билеттердің ақшасын қайтаруды әдейі кешіктіріп келген

Фото: tengrinews.kz
Фото: tengrinews.kz
Жолаушыларға қайтарылмаған жалпы сома 44 миллион теңгені құрайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Bek Air әуекомпаниясы орындалмаған рейстердің жолаушыларына билет ақшасын қайтаруды әдейі кешіктіріп отыр. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында өткен тыңдалым барысында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осы жолғы сот отырысы онлайн форматында өтті. Бүгінде 670 жолаушы 1217 билет сатып алған. Жолаушыларға қайтарылмаған жалпы сома 44 миллион теңгені құрайды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті билетті қайтару жөніндегі өтініштердің әлі де түсіп жатқанын айтады.  

«Істі қарау барысында Bek Air әуе компаниясы қызметкерлерінің жолаушыларға ақшаны қайтаруды әдейі созып отырғаны анықталды. Тариф бөлімінің мамандары болса тұтынушыларға тиесілі соманы анықтау жұмыстарымен айналысып жатыр. Оның орнына нақты іске көшіп, жолаушы билеттерінің ақшасын қайтаруды бірінші кезекке қоюы керек деп есептеймін», - деді Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің өкілі Әлихан ШАКЕНОВ.

Келесі сот отырысы 19 мамырға белгіленді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 27 желтоқсан күні Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған «Бек Эйрдің» Fokker-100 ұшағы Алматы маңындағы Гүлдала ауылында апатқа ұшырады. Соның салдарынан 12 адам қаза тапты. Бортта 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған.

Новости партнеров