Таразда әйел адам құрылыс кранының үстіне шығып, секірмек болған жерінен ұсталды. Ол жаңадан салынып жатқан 15-шағынаудан аумағындағы құрылыс алаңына кіріп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға қас қарайғанда, сағат 21:00 шамасында болған. Онда полиция экипажы мен төтенше жағдай және жедел жәрдем қызметі жедел жеткен. Полицейлердің бірі кран басында отырған әйел адамды көндірмек болып жоғарыға өрмелеп кеткенін айтады. Бірақ әйел ұзақ қасарысқан. Ақырында есінен талып қалыпты. Қуанышқа орай, зардап шеккендер жоқ.
Белгілісі, әйел адамның жасы 22-де. Оның есін білместей ішімдік ішкені анықталды. Қазіргі уақытта онымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
«Орталық кезекшіден 102 арнасына әйел адамның кран үстінен секірмек болғаны туралы шақырту түсті. Аталған мекенжайға жедел жетіп, кранның үстіндегі қыздың асылып тұрғанын көрген соң, жедел кранның үстіне шығып көмек көрсеттім», – деді қалалық Полиция басқармасының инспекторы Айбол Хамит.