Қазақстанның екі өңірінде балалар терезеден құлап, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мәселен, 29 наурыз күні сағат 16:40 шамасында Қарағанды облысының Саран қаласында 1А ықшамауданында 2020 жылы туған қыз бала 4-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен.
"Қайғылы сәтте үлкен балалар үйде болды. Қыздың жағдайы ауыр", – делінген хабарламада.
29 наурыз күні сағат 20:26-да 112 құтқару қызметіне Ақтөбе қаласы ағайынды Жұбановтар көшесіндегі 5-қабаттағы пәтер терезесінен 2021 жылы туған қыз баланың құлап кеткені туралы хабар түскен.
Қыз бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
ТЖМ ата-аналарға ескерту жасады:
- кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- бала терезенің алдына шыға алмауы үшін жиһазды терезенің жанынан алып тастаңыз;
- москит торына сенбеңіз! Олар баланы қорғауға арналмаған;
- балаға терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіш қойыңыз;
- ашық терезенің жанында болу қаупі туралы балаларға түсіндіріңіз;
- егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет болған жағдайда орнатыңыз.