Шығыс Қазақстан облысында мас жүргізуші 4 баланы қағып, оның біреуі ауруханаға жетпей мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға кеше 5 қыркүйек сағат 18:50 шамасында Бородулихо ауданы Жаңа Шүлбі ауылында болған. Mitsubishi Chelengerе көлігін тізгіндеген 31 жастағы жүргізуші мас күйінде «айналу» маневрын жасап жатқан кезде рөлге ие бола алмай, 5, 10, 11 және 12 жасар 4 баланы қағып өткен. Балалар жолдың төңірегінде ойнап жүрген.
Жол апаты салдарынан 10 жасар қыз жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Қалған балалар жүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды» деп атап өтті облыстық полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта жүргізуші ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша изоляторына қамалған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Мұндай қылмыс үшін Қылмыстық кодексте 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, сондай-ақ 10 жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынуы мүмкін.