Әскерилер Ақтау қаласындағы дезинфекция жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Себебі Маңғыстау облысында еліміздің басқа өңірлерінен кейін карантин жарияланған еді. Бұл шаһарда дезинфекциялау шараларын Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері жасап жатыр. Қалалық және тұрғын нысандарынан басқа арнайы өңдеу жұмыстары Ақтау гарнизонында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелердің аумақтарында да жүргізілді. Жеке құрамның қауіпсіздік шаралары бақылау-өткізу пунктінде басталады. Яғни қызметке келген әрбір адам медициналық тексеруден өтеді. Санитарлық-гигиеналық шаралар Каспий теңізінің қазақстандық секторында қызмет атқаратын әскери кемелерде күшейтілген. Барлығы мұқият дезинфекцияланып, іргелес аумақтар өңделеді.
«Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы қалалық органдарға өзінің көмегін көрсетіп, қалалық объектілерді, үй-жайларды бәрін дезинфекциялауға ат салысып отыр. Сонымен қатар әскери кемелерде дезинфекция жұмыстары өзіміздің бар құрал-жабдықтармен өткізіліп жатыр. Бұл құрал-жабдықтар әскери қызметшілерге және біздің экологияға ешқандай әсерін тигізбейді», – деді Бөлек әр текті кемелер жеке дивизионының командирі Бауыржан МҰРАТҰЛЫ.