Қаланың ең көрікті жері саналатын аймаққа туристерге де қатынау қиын боп тұр
Алматының Медеу ауданында көктемнен бері ойылып жатқан жол бір айдың ішінде жөнделетін болды. Бұл – «Каменское плато» аталып кеткен аймақтың жоғары жағы. Сәуірде нөсер жауынның кесірінен жолдың бір шеті жарға құлап кеткен еді. Кесірінен қаланың ең көрікті жері саналатын аймаққа туристерге де қатынау қиын боп тұр. Ал, тұрғындардың өзі жаяу жүруге қорқамыз дейді. Арнамызға хабарласып, көмек сұраған жұрттың базынасын Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтты.
Атын айтқысы келмеген ақсақал осы аймақта тұрып жатқанына отыз жылдан асыпты. Апатты жағдайдан кейін қалаға қатынау қиындады дейді. Себебі жартысы ойылып кеткен жолмен көлік өте алмайды. Сондықтан машинаны төмен тастап, бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келеді. Ал, жедел жәрдем шақыру тіпті мұң. Өйткені алқапқа кіретін жалғыз көлік жолы осы ғана.
Тұрғын:
– Қатты жаңбыр болған. Қазақ шелектен құйғандай деп айтады ғой. Мына жерде тесік бар екен. Әйтеуір сол тесік арқылы мына жер құлап кетті ғой. Мына жолымыз өте қиын болып қалды. Әлгі 01, 02,03, 04 қызметі дегендер бар, олар жүре алмайды. Мұнда мен сияқты зейнеткерлер тұрады. Сексенге келгендер, сексеннен асқандар бар. Сол енді автобусқа баруымыз қиын.
Аймақ тұрғындарының жанайқайы бір. Жол мәселесін тезірек шешіп берсе дейді. Бүгінде тұрғын үй алабында шамамен 100 шақты үй және туристік объекті бар екен.
«Бұл жағдайға байланысты апатты жолды қайта қалпына келтіру үшін тиісті тапсырма алдық. Біз бірден жедел жұмыс тобын құрдық. Айта кету керек, жұмысты бастамас бұрын апатты жерге тиісті есептеу жұмыстары, сондай-ақ, сметалық құжаттарды құрастыру сынды жұмыстар жүргізілді», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Олжас МӘДИЕВ.
Ал, жолды жасап жатқан мердігер компания басшысы шаруаның екі апта бұрын басталып кеткенін айтты. Алайда 100 метрге жуық ойылған жолды қалпына келтіру үшін бірқатар қиындық та бар көрінеді.
«Жұмысты бастамас бұрын, мұнда бұлақтың бар екені анықтадық. Сондықтан дренаж жүйесін орнатып, бұлақтың арнасын өзенге қарай бұрсақ деп отырмыз. Себебі жолды жасауға ағып жатқан су кедергі келтіреді», – деді мердігер мекеменің директоры Валерий СОЛОМКО.
Бүгінде бұл жерде жөндеу жұмыстары бар қарқынымен жүргізілуде. Жауаптылардың айтуынша, шамамен бір айдың ішінде жол толығымен жасалып бітпекші. Ал, өзге де кішігірім жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады. Осы аймақтың тұрғындарына әлі біраз күтуге тура келетін секілді.
Елдана Қадырова, «Алматы» арнасы