Қаскелең қаласында көпқабатты үйде газ жарылып, бір жеткіншек мерт болды. Оқиға түс кезінде көпқабатты үйдің бесінші қабатында болған. Апаттан жеті адам зардап шегіп, 11 жасар бала жедел жәрдем келгенше жан тапсырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қатты жарылыс болды. Үйде отырғанмын. Далаға жүгіріп шықсам, адамдар жүгіріп жүр екен. Олармен бірге бесінші қабатқа жүгіріп шықтым. Бетон қабырға басып қалған шал айғайлап жатыр екен. Аяғы қысылып қалған. Далаға алып шықтым. 4-5 қабаттың бәрі быт-шыт болған. Газдың қысымы көп болып кеткен ғой», - деді бір куәгер.
«104-ке хабарласыңыздар ма деген сәтте жарылыс болады ғой. Бәріміз қаштық. Ағаш ұшты. Есік, терезе бәрі ұшты. Сөйтіп біраз уақыттан кейін менің көлігімнің алды-арты, жанындағы терезесінің бәрі сынған. Газ шаруашылығы мекемесінен көлігімді жөндеп беруді талап етемін. Солардың кесірінен болды ғой», - деді зардап шегуші.
Аяулым Көлжігіт «Алматы» телеарнасы