Алматыда Ерменсай шағын ауданындағы өрттің шығуына кінәлі адам анықталды

24.04.2020 в 23:12

Ол Бостандық ауданының 43 жастағы тұрғыны болып шықты

Фото: КЧС МВД РК

Алматыда Ерменсай шағын ауданындағы өрттің шығуына кінәлі адам анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол Бостандық ауданының 43 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір азамат өз кінәсін мойындаған. Белгілі болғандай, 23-ші сәуір күні ол жеке учаскесіне қоршау орнатпақ болып, дәнекер жасаған. Оның ұшқыны құрғақ шөпке түсіп, 1 гектарға жуық аумақты жалын шарпыды. Кейін өрт үлкен көлемге жайылып, қатты соққан желмен жоғары беткейге дейін тараған. От тез арада лапылдап жатқандықтан, саяжай тұрғындары мен алма баққа өрт қаупі туындапты. Дегенмен, өрт сөндірушілер өрттің таралуына жол бермей, жедел арада сөндіріп үлгерген.

«ТЖД-нен 39 адам  жеке құрам, 7 бірлік техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрттің таралу қаупі жойылды. Бірақ ол азамат ешқандай өрт сөндіруге шара қолданбады. Өрт сөндіру қызметін басқа тұрғындар шақырған. ТЖ департаментінің қызметкерлерімен кінәлі тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуда», – деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман БӘЙГЕЛОВ.

Төтеншеліктер карантин кезінде өрттің қарапайым ережелерін сақтау керектігін ескертеді. Себебі Алматыда қылмыс деңгейі түскенімен, өрт оқиғаларының дерегі азаймай тұр. Соңғы үш ай ішінде 138 өрт дерегі тіркелген. Қызыл жалыннан 3 адам құтқарылып, 58 адам қауіпті аймақтардан эвакуацияланған. Алматыда көктем келіп, күннің ысуына байланысты құрғақ шөп пен қоқыстар жиі тұтанып жатыр. Мәселен, 1 ақпаннан бастап 175-тен астам жағдай болған. 29 гектар аумақты жалын шарпыған. Құрғақ шөптердің өртенуі көбіне Түрксіб, Алатау, Медеу ауданында жиі орын алады.

«Тау-орман алқабында жоғары деңгейдегі өрт туындаған жағдайда, оны сөндіруге 300-ден астам жеке құрам, жоғары қозғалтқыштағы 23 бірлік техника, 500 қапшықтағы өрт сөндіргіші, 500 күрек және 156 жарылғыш дайын. Оған қоса, Іле Алатау паркінің де жеке құрамы жұмылдырылады. Сондай-ақ, Алматы әкімдігінің 109 құтқару қызметі және  «Қазавиақұтқарудың» тікұшақтары қатысады», – деді қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы  Серік ӘУБӘКІРОВ.