Абайдағы өрт: тағы бір адам іздестіріліп жатыр

12.06.2023 20:51

Ол 9 маусымда өртті сөндіруге көмектесемін деп тракторымен үйінен шығып кеткен

tengrinews.kz

Абай облысының әкімдігі тағы бір азаматтың жоғалып кеткенін хабарлады. Әзірге мәлім ақпарға сүйенсек, із-түзсіз кеткен ер адам 1987 жылы туған. Ол 9 маусымда өртті сөндіруге көмектесемін деп тракторымен үйінен шығып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір азаматты іздеуге жергілікті полиция қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды.  

«Өрт аумағы қазір 43 мың гектар. Бұған дейін 60 мың гектар болған, бірақ жеке құрам жұмыс істеп жатыр. Барлық негізгі күш өртті сөндіруге жұмылдырылды. Сондықтан, апат аумағы әзірге кеңейген жоқ. Болжам бойынша, жақын күндері жалынды толық тоқтатамыз», –деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Қазір Семей қаласының маңындағы Бұлақ, Талица мен Половинка ауылының тұрғындары толық эвакуацияланды. Азық-түлік және бірінші кезекте қажет заттармен қамтылған азаматтар арнайы пунктке жеткізілген. 

«150-ден аса адам өрт қаупі толық сейілмейінше, үйлеріне қайтарылмайды. Ал арнайы құрылған 9 эвакобекет әлі де 800 адамды қабылдауға дайын», - дейді жергілікті әкімдік.

Түнімен Талица ауылына таяған өрттен қауіп болды. Дала аумағына бет алған қызыл жалын таңертең сөндірілген. Қазір апат орнына жұмылдырылған адам саны 1500-ден, техника саны 300-ден асқан. Сондай-ақ 14 тікұшақ 777 рет өрт ошағына су шашыпты. Елдің Төтенше жағдайлар министрлігі елдімекендерге төнген қауіптің жоғын ескертеді. Дегенмен алдағы 3 күнде жауын-шашын жоқ, жел жылдамдығының артуы мүмкін екен. Сондықтан қауіп  толық сейілген жоқ.

Мадина Оқас, Мақсат Күнібек,  «Алматы» телеарнасы