Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Меңгесер ауылындағы тұрғын үйде 5 литрлік газ баллоны жарылып, бес адамды күйік шалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқыс оқиға 4 қаңтарда сағат 15.00 шамасында болған. Мамлютка қаласындағы №15 өрт сөндіру бөліміне хабар түсісімен оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері жетті.
Газ баллонның жарылуынан үйдің төбесі жартылай құлап, қабырғалары зақымданған.
Жарылыс кезінде үйде болған бес адам: 1970, 1979, 1977 жылдары туған ер адамдар және 1966 жылғы әйел, 2007 жылғы қыз түрлі күйікпен ауруханаға жеткізілді.
Естеріңізге сала кетейік осыдан бір ай бұрын Аққайың ауданы Смирново елдімекеніндегі екі қабатты тұрғын үйде де газ баллоны жарылып, 12 жасар қыз мерт болды, оның 22 жастағы ағасы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Ал жалпы соңғы үш жылда СҚО-да қолданыстағы 30 газ баллоны жарылған.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында жарылыстан бір отбасы зардап шекті