Ол үйден не паспорт, не ақша алмай шығып кеткен
Түркияның Анталия қаласында 21 жастағы қазақстандық Арайлым Орынбаева 2,5 айдан бері іздестіріліп жатыр. Қыздың жоғалып кеткені туралы оның анасы, 41 жастағы қазақстандық Салтанат Орынбаева мәлімдеді. Әйел Түркияда қызымен және екі ұлымен бірге тұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Мамыр айында ол Арайлымның жоғалғанын полицияға хабарлаған.
Қыздың анасының айтуынша, ол үйден не паспорт, не ақша алмай шығып кеткен, деп хабарлады Hurriyet түрік басылымы.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі қыздың жоғалғаны туралы ақпаратты растады.
«Білуімізше, ол шамамен 2,5 ай бұрын үйінен кеткен. Құжаттарын үйде қалдырған. Түркияда тұруға ықтиярхаты бар. Анталиядағы консулдығымыз біздің азаматты іздеп жатқан жергілікті полициямен байланыс орнатты. Мәселе бақылауда», – деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Соңғы рет куәгерлер Арайлымға ұқсас қызды таулы аймақтағы Хурма-Шайыр зиратының аумағында көрген. Полиция ол жерді тексерді, бірақ әлі күнге дейін қазақ қызынан хабар жоқ. Іздеу жалғасып жатыр.