Таразда жетімдер тұрған үй өртеніп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
16 баланы бауырына басқан жалғызбасты ана оларды қайда апарарын білмей дал. Шаңқай түсте тілсіз жау тұтанып, үй жанып кеткен. Енді ес жия алмай отырған ана елден көмек сұрайды. Себебі бұған дейін әкімдіктен еш көмек болмаған. Тұрғын үйдегі өрт түскі сағат 1 шамасында басталған. Жетімдер мекендеген екі үйдің біреуін қалың түтін басқан. Оны осындағы баланың бірі көріп, қалғандарына ескертіпті. Өрт сөндірушілер жедел жеткенімен, біраз уақытта жалын қайта лап берген.
«Үйде 83 жастағы апа мен 4 бала болған. Қалған балалар мына тамда теледидар көріп отырған. Сүйрелеп бәрін алып шықтық. Біраз уақыттан кейін өрт қайтадан басталды. Сосын мына баспалдақпен шықтым. Өшірем деп жүргенде құладым. Енді үй тұруға жарамсыз боп қалды, балаларымды ішке кіргізуге қорқамын», – деді көпбалалы ана Зүлфия Түленова.
Зүлфия Түленова қазір балалардың жартысын туыстарына апарып тастаған. Қалғандарымен есік алдына түнеуге мәжбүр. Ол осыдан жарты жыл бұрын әкімдікке барып, жарамсыз газ пеші мен жарық желілерін жөндеп беруін сұраған. Бірақ көпбалалы ана ешқандай жауап ала алмаған. Ал төтеншеліктер болған өртті тоқ сымдарының тұйықталуынан болуы мүмкін екенін айтады. Қазір Тараз қаласының әкімдігі жедел топ құрып, аталған оқыс оқиғаның себептерін анықтап жатыр.
«Жұмыс тобы аталған мекенжайға барып отбасының жағдайымен танысып, мән-жайды білді. Бұл мекенжай жеке сектор болғандықтан, заң аясында мемлекет тарапынан қалпына келтіру жұмыстары қарастырылмаған. Комиссияның жұмысы аяқталғаннан соң, тиісті шешімдер қабылданатын болады», – деді қала әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова.
Қала билігі бұл отбасыға көмекті тек демеушілер есебінен болуы мүмкін екенін айтады. Бірақ оған да кепілдік жоқ. Ал төтеншеліктер тілсіз жау 50 шаршы метрді жалмағанын айтты. Зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, осы баспанада тұрып жатқан 16 баланың тек үшеуінің ғана дені сау. Қалғандары 1 топ мүгедектері екен.
Мерей Бает, Нұрлыбек Ержанұлы «Алматы» телеарнасы Жамбыл облысынан