Алматыда суға түсу маусымы қайғылы жағдаймен басталды. Кеше кешкісін жас жігіт Сайран көліне демалуға барып, суға батып кеткен. Марқұмның денесі 4 метр тереңдікте табылды. Бір тәулікке созылған құтқару операциясы туралы Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынның репортажы.
Кеше кешкілік Сайран көліне 3 ересек адам суға шомылуға келіпті. Куәгерлердің айтуынша, олардың үшеуі де ішімдік ішіп алған көрінеді. Құтару қызметі кеше екі адамды құтқарған. Осылайша, суға түсу маусымы басталмай жатып демалуға келгендердің оқиғасы қайғылы жағдаймен аяқталып отыр.
Куәгерлердің айтуынша, ащы суға тойып алған ер адам суға сүңгіп кетіпті. Артынша бір әйел оны қуып жетпек болған. Кейіннен бір-бірінен ажырап, таппай қалыпты. Құтқару қызметіне алғашқы болып хабарлаған да осы кісілер. Ал, бірге қыдыруға барғандар оны танымаймыз, тек су жағасында танысқандарын айтады.
«Мен осы жерде тұрбаларды сырлаушы болып жұмыс істеймін. Қайғылы жағдай менің көз алдымда болды. Үшеуі де ересек адамдар. Кешкі уақытта келген кезде олар мас еді. Кейіннен суда жүрген шу шығара бастады. Төтенше жағдай орын алғанын естіп, бірден мамандарды шақырдық», – деді куәгер Владислав Шеф.
Суға батып өлген жігіттің жансыз денесі жағажайдан шамамен 140 метр жерде табылған. Төтеншеліктердің хабарлауынша, денесінде ұрып-соғу, көгеру белгілері жоқ. Бірақ істің мән-жайын анықтау үшін мәйіт сот-сараптама орталығына жіберілді.
«Біздегі бар ақпарат бойынша ол кісілер бір-бірін танымайды. Осы жағажайда демалу барысында танысқан көрінеді. Ол адамдармен полиция басқармасы жұмыс атқаруда», – деді Әуезов аудандық ТЖБ бастығы Арман Мәкенов,
Қалада суға түсу маусымы ресми түрде басталған жоқ. Соған қарамастан мұнда көл жағасын саялағандар аз емес. Көпшілігі мектеп жасындағы оқушылар. Ең қауіптісі де осы.
БЛИЦ:
- Бірінші рет келіп тұрмыз өмірімізде. Қарап отырмын иә міне, алысқа бармайды, көз алдымда жүр.
Қала аумағында 26 су қоймасы бар. Бірақ шомылуға арнайы рұқсат етілген орын тек төртеу. Олар: Үлкен Алматы каналындағы Бауым тоғайы мен Гүлдер саябағы және Сайран көлі. Төтенше жағдай орын алған Сайран көлі бұл тізімнің ішінде болса да, су әлі толық толтырылмаған. Ең терең деген жері 4 метрдей болады екен.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы