Күні кеше Қызылорда облысында апатқа ұшыраған тікұшақ ішінде 13 экипаж мүшесі қаза тапты. Солардың бірі - кіші сержант 37 жастағы Асхат Абдулманат. Марқұмның артында 15 жыл отасқан жұбайы мен кәмелетке толмаған төрт баласы қалған, деп хабарлайды «Жас алаш» басылымы.
Марқұмның жақындарының айтуынша, Асхат Абдулманат ұзақ жылдар бойы Талдықорғандағы әуе базасында келісімшарт негізінде жұмыс істеген.
Тек биылғы жылдың 1 қаңтарында Ақтауға қызметін ауыстырған.
«Міне ұшып келе жатырмыз» деп видеосын жіберген. Содан кейін хабарласпай қойды. Өзіміз хабарлассақ, алмайды. Кешкі сағат 11-де әскери адамдар келіп, хабарлап кетті.
Сенбеймін әлі, сенбеймін баламның өліп қалғанына. «Ақтауға ауыстырды» деп қаңтардың 1-інен бастап кеткен. Содан міне, екі-ақ айдың ішінде арманы мен мақсатына жете алмай кетті ғой, құлыным. Қайтем енді?!», - дейді қайғыдан қан жұтқан марқұмның анасы Сақыш Баймурзина.
Естеріңізге сала кетейік, 27 наурызда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында бортында 13 адам бар тікұшақтың апатқа ұшырған болатын.