100 АЕК немесе 277 800 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды
Нұр-Сұлтан қаласындағы екі супермаркетке алыпсатарлық үшін 277 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Stan.kz.
"Олар кейбір бірінші қажеттіліктегі азық-түліктер бағасын 60 теңгеден аса қымбаттатқан", - деді қала әкімдігінде.
Әкімдіктің мәліметінше, прокуратура, әкімдік және мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінен құрылған шұғыл топтар барлық сауда нысандарын күнделікті аралап жүр. Олар дүкендер мен супермаркеттердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын сақатауын қадағалайды.
Кезекті тексеу кезінде екі супермаркетте "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы" бірлескен бұйрығының ережелері бұзылып, бағаның қымбаттауы анықталды.
Атап айтқанда, шекті бағасы 197 теңгеден аспауы тиіс 1-ші сортты ұнның килограмы 230 теңгеден сатылған. Ал шекті бағасы 307 теңгелік күріш – 1 кг үшін 371 теңгеден, шекті бағасы 481 теңгелік күнбағыс майы – 505 теңгеден сатылған.
Алматы ауданы әкімдігімен ұсынылған деректер негізінде 1 сауда субъектілеріне қатысты ҚР ӘҚБК-нің "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерінің артуы" бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. 100 АЕК немесе 277 800 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.