Қызылорда облысындағы Қарашалаң су айдынында балық шабақтарының қырылу оқиғасы тіркелді. Бұл жөнінде Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«18 ақпанда сағат 16.30 шамасында Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң су айдынына балық шабақтарының қырылу оқиғасы тіркелді. Ол Сырдария өзенінен су алатын Сағынбай арнасында орналасқан. Оны жергілікті халық Көгіш деп атайды. Жедел түрде құзырлы органдардың бірлесіп жұмыс жасау алгоритміне сәйкес қажетті іс-шаралар қолға алынды», - деп мәлім етті Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісов.
Ведомство мәліметінше, бұл бағытта Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы тарапынан арнайы топ құрылған. Мамандар оқиға болған жерге аттанған. Қосымша ақпарат кейін жарияланады.