«Бұхар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде болған өрттен зардап шекті деп ауруханаға жеткізілген екі адам мен кішкентай баланың денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Олар қазір медициналық тексерістен өтіп үйлеріне қайтарылған. Еске салсақ, бүгін түсте қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінен өрт шығып, 45 адам эвакуацияланған болатын. Толығырақ Almaty.tv тілшісі айтсын.
Түтіннің будақтап шығып жатқанын тұрғындар шамамен түскі 12.30 шамасында көрген. Қызыл жалын 23 қабатты үйдің 13-қабатындағы пәтерлердің бірінде тұтанады. Қою қара түтін барлық подъезге тарап, жұрт бірден өрт сөндірушілерді шақырыпты.
«Мен сол кезде кеңседен тысқа шыққанмын. Адамдар қосымша есікке қарай жүгіріп, оны қағып жатқанын көрдім. Сосын дереу өрт сөндірушілерге хабарластым. Олар есікті шағып адамдарды шығарған кезде іштен түтін бұрқ ете қалды», – деді куәгер Алтынай Әбілғазиева.
«Өрт шыққан пәтерге біз көрші тұрамыз. Олардың үйінің бәрі жанып кетті десе болады. Біздің де есігіміз өртеніп кетті», – деді куәгер Әлия Әбдірашитова.
Өрттің салдарынан үш адам зардап шегіп олар ауруханаға жіберілген. Оның біреуі бір жасқа толмаған бала. Бостандық аудандық төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының ақпарынша қазір олар алғашқы медициналық көмек алып, үйіне қайтарылған. Оқиға орнына келген төтеншеліктер 15 шаршы метрге жайылып кеткен отты бір сағаттың көлемінде ауыздықтапты.
«Өрт сөндіру үшін автобаспалдақ құрылды. Екі жерден таза ауа беретін арнайы машина жұмылдырылды. Түтін жойғыш АД-120 көлігі жұмыс істеп, адамдарды құтқару процесін жеделдетуге көмектесті. Өрт 13 сағат 45 минутта жойылды», – деді Бостандық аудандық ТЖБ бас маманы Жандос Есжанов.
Ал тұрғындар дәл сол сәтте кешендегі қосымша құтқару есіктерінің жабық болғанын айтады.
«Апаттық жағдайда қолданылатын қосымша құтқару есіктері жабық болғандықтан, тұрғындар шыға алмай әлек болды. Тіпті, бір қыз 21-қабаттағы сондай есікті сындырып ашуға талпынды. Кейбірі, тіпті, шатырға шығуға тырысты. Бірақ одан да түк шықпады», – деді куәгер Айдана Тоқпаева.
«13 қабатта 208-пәтерде түтін шықты деді. Сол кезде бірден біз дабылқаққышты іске қостық. Клуб мүшелері мен мекеме қызметкерлерінің бәрін қауіпсіз жерге көшірдік. Сосын мемлекеттік өрт қауіпсіздік қызметкерлеріне көмектестік. Осы жерде тұратын жергілікті тұрғынмен сөйлесіп қалып, ол кісі айтады электросамокат зарядта тұрған еді сол атылыпты деп айтты», – деді куәгер Дүйсенбай Қошқаров.
Куәгерлер өрттің шығуына түрлі себеп айтуда. Алайда тілсіз жаудың нақты неден пайда болғаны әзірге белгісіз. Жалпы 45 адам құтқарылып қауіпсіз жерге шығарылған. Оның 15-сі бала. Өртті сөндіруге 17 техника мен 57 адам жұмылдырылған.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы