Алматыда сарапшылар Райымбек даңғылындағы BRT құрылысын бірнеше кезеңге бөлуді ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматыда көлік саласындағы сарапшылар, урбанистер және БАҚ өкілдері Райымбек даңғылында Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі BRT дәлізінің бірінші учаскесінің жобасы ұсынылған дөңгелек үстел өтті.
Жобаны халықаралық кеңесшілер мен Алматы көлік жүйесін дамыту жобалық кеңсесінің қолдауымен «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты әзірледі.
Әзірлеушілердің айтуынша, жоба аясында минималды үзілістермен арнайы жолақтар жасау, жаңа аялдама кешендерін орнату, сондай-ақ «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша даңғыл бойын кешенді көріктендіру көзделген.
- Қақтығыс нүктелері аз болатын учаскелерде арнайы жолақтар жолдың шетінде болады. Тұрақ орындарын сақтау қажет немесе көрші аумақтардан шығатын жолдар көп болған жерлерде, арнайы жолақтар бульвар бөлігінің бойында орналасады. Осылайша, барлық қозғалыс қатысушысының мүддесі барынша ескеріледі. Аялдамаларды платформаларда жабдықтап, қиылыстарға жақын орналастыру жоспарлануда. Бұл ретте, автокөліктердің негізгі жолақтары сақталады, - деді «Алматыбасжоспар» басшысы Асхат Сәдуов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл Қонаев көшесінен Чайковский көшесіне дейінгі бульварлық бөлікті көріктендіру жұмыстары жүргізіледі.
- Біз көшені «қасбеттен қасбетке дейін» қағидасы бойынша жобаладық, яғни тек жол бөлігін ғана емес, сонымен қатар тротуарларды, аулаларын, көгалдандыруды да қамтыдық. Қасбеттер бірыңғай дизайн-кодқа келтіріледі. Жобаның мемлекеттік сараптамасы шілденің ортасында ғана аяқталды, әрине, қорытындыны ертерек аламыз деген едік, бірақ «кешенділікті» ескеріп, жобаны екі рет жасауға тура келді. Қыркүйекте Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейінгі және Ахрименко көшесінен «Барлық» базарына дейінгі BRT дәлізінің екінші бойынша жобалау жұмыстары аяқталуы мүмкін, - деді Асхат Сәдуов.
Өз кезегінде кездесуге қатысқан сарапшылар бұл жобаның Алматының қоғамдық көлік жүйесін дамыту және қала тұрғындарының мобильдігін арттыру үшін маңыздылығын атап өтті. Олардың пікірінше, 2030 жылға дейін қаланың көлік қаңқасының бекітілген шебер жоспары аясында әзірленген Райымбек даңғылы бойынша BRT дәлізі жоғары талаптарға жауап береді және ол қала тұрғындарының көңілінен шығады.
- BRT дәлізі шынымен де қоғамдық көліктің тартымдылығын арттыра алады, бұл факт. Бірақ бізді оның жүзеге асырылу мерзімі алаңдатады. Райымбек – көлік өте көп жүретін көше, қыркүйекте сабақ басталып, студенттер келеді және егер дәл осы кезеңде құрылыс жұмыстарын бастасақ, коллапс болады деп ойлаймын. Сондықтан, жұмысты келесі жылы бастаған дұрыс емес пе?, - деді «Жалпы жол» қауымдастығының жетекшісі Арсен Шакуов.
Роман Барабановтың пікірінше, бүкіл көшені бірден реконструкциялау орынды болар еді.
- Даңғылды бірнеше сегментке бөліп, әрқайсысына әртүрлі мердігерлерді анықтау менің ойымша қисынсыз. Мұндай жағдайда бақылау және сапаны қамтамасыз ету қиын болады. Егер бөліп істесеңіз, жоба жұмыс істемейді. BRT дәлізі тиімді болуы үшін бүкіл даңғылды реконструкциялауға тырысу керек, ең болмағанда кейбір аймақты алдымен таңбалап жасауға болады, - деді Роман Барабанов.
Талқылау қорытындысы бойынша, сарапшылар қауымдастығының пікірін ескере отырып және қала тұрғындары үшін қолайсыздықты азайту мақсатында жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі жылдың сәуір айында бастау туралы шешім қабылданды.
- Күзде біз BRT дәлізінің бірінші кезеңінің екі учаскесіне, яғни Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін және Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейінгі мердігер ұйымды анықтау үшін байқау жариялауды жоспарлап отырмыз. Биыл инженерлік желілерді қайта құру, өсті бөлу сияқты дайындық жұмыстарын бастап, «Саяхат» маңында ірі аялдама кешендерінің құрылысын аяқтаймыз. Ал екі учаске бойынша негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі құрылыс маусымынан бастаймыз, - деді Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда Сәтбаев көшесінің бір аумағы жөндеу жұмыстарына уақытша жабылады