|
23.12.2020 | 21:14
7049

Курсант өлімі: Академия басшысы мен орынбасары қызметінен босатылды

Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде

Курсант өлімі: Академия басшысы мен орынбасары қызметінен босатылды Almaty.tv

Алматыдағы Ішкі істер министрлігіне қарасты академияда асылып қайтыс болған Саламат Өтегеновтің анасы баласының өзіне қол жұмсағанына күмәнмен қарайды. Ал марқұм бірге өскен жолдастарынан бұған дейін де бірнеше рет ақша сұрап, офицерлер телефонын тартып алғанын айтқан. Курстантты өмірмен қоштасуға не итермелеуі мүмкін? Жауаптылар не дейді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Саламат Өтегеновті өте сабырлы, жайдары жүзді еді деп еске алады жақындары. Студенттің осыдан бір апта бұрын асылып қаза болғаны туралы ақпар кеше ғана белгілі болды. Оның денесі оқу орнының асханасынан табылған. Курсант өзіне қол жұмсамас бұрын ағасына таңғы 11.00-ден бастап кешкі беске дейін «300 мың теңге тауып бермесеңдер, өкініп қаласыңдар» деп талай хат жазып жіберген. Ал сағат 16:31-де «жақсы, тәте, мен кеттім» деп соңғы хатын, белдік пен өзінің фотосын жүктеген. Бірақ жақындарының сөзінше, интернет ауылда дұрыс ұстамайтындықтан, уатсаптағы хабарламаны тек түнгі 23.00-ге қарай көрген. Бірақ ол кезде тым кеш болыпты.

«Ол уатсап арқылы әркез ақша сұрайтын. Ауызша сөйлескенде өзін сабырлы ұстайтын, ақша туралы ештеңе айтпайтын. Ылғи бір сессияға, кезекшілікке, тағы басқа да нәрселерге ақша салып жіберуді айтып отыратын. 3,5 айдың ішінде біз оған 630 мың теңге ақша жібердік. Ал үш жылда 2-3 миллонға жуық ақша кетті», – деді әпкесі Диляра Мұташова.

Ал анасы курсанттарға тиесілі шәкіртақы берілмейтін, баласы үйге оралғанда да ескі-құсқы киімдермен келетін еді дейді. Тіпті, анасы сұраған ақшаны аудару үшін несие де алған екен. Оқу ордасының техникалық жабдықтарына деп те бірнеше рет теңге сұратқан көрінеді. Қайғыдан қан жұтқан ана баласын мұндай сұмдыққа итермелеген оқу орнындағы тәртіпсіздік екеніне сенімді.

«Мен баламның өзіне қол жұмсағанына сенбеймін. Ол жақта тәртіп мүлде жоқ. Ондағы студенттер алаңсыз телефонмен отырады. Балалар тіпті микрокредиттер алады. Менің баламды осы жағдайға сондағы адамдар жеткізген. Өйткені баламмен телефон арқылы сөйлескенде, қомақты сомадағы ақшаны атамайтын. SMS арқылы сөйлескенде ғана сұрайды, бірақ басқа адам жазып тұрғандай көрінетін», – деді Саламат Өтегеновтің анасы Бекзат Иманғалиева.

Ал достары мектепте үлгілі, спортты жаны сүйетін, ешкімді ренжітпейтін еді дейді. Олар суық хабарды естігенде есеңгіреп қалғандарын жасырмайды. Ал біздің «Қысылып ақша сұрайтын кездері болатын ба еді?» деген сұрағымызға жолдасы былай деп жауап қатты.

«Болды бір-екі рет. Бір рет соткамды тартып алды деп айтты, білмеймін одан кейін...офицер дей ме, сол соткамды тартып алды, соған ақша керек деген сияқты. Жазда бәріміз бірге жүрдік қой. Ойламадық осындай жағдай болады, асылып қалад деп. Қиналған болып тұр ғой бірдеңеден енді. Қиын бір жағдай болған ғой», – деді Саламат Өтегеновтың досы Бектас Азаматов.

Бұл мәселеге қатысты академиядан қандай да бір ақпарат алуға тырыстық. Алайда баспасөз қызметінің басшысы сұхбат беруден бас тартты.

Әйтсе де еліміздің Ішкі істер министрлігі аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы яғни «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» ісі бойынша тергеуді бастағанын мәлімдеп, ақпаратты тек қағаз жүзінде берумен шектелді.

ГРАФИКА:

Өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылау жүргізбегендіктен, Ішкі істер министрінің бұйрығымен Академия бастығы Өмірбай Смайылов атқарып отырған лауазымынан босатылды. Сондай-ақ, оның идеологиялық тәрбие және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасарын да қызметінен босату ұсынылды. Академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың бесеуі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.

Саламат Өтегеновтің анасының сөзінше, курсант қайтыс болғаннан кейін академия тарапы ешқандай көмек көрсетпеген. Ал оқу процесіне, тұрмыстық, моральдық ахуалына және қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру тағайындалды. Енді министрліктің тапсырмасымен мұндай тексерулер жаңа жылдың бірінші тоқсанында барлық оқу орындарында жүргізілмек.

Назкен Еркін, Роман Нощенко, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир