Шымкентте алаяқ 17 адамның атынан онлайн кредит алған

02.03.2020 21:14

1 400 000 теңгеге жуық шығын келтірілген

marimedia.ru

Шымкент қаласының 17 тұрғыны алаяқтың құрбаны болды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкенттің тұрғындары алаяқтың арбауына түсіп қалды. Олардың 23 жасар танысы мемлекеттік қызметте жұмыс істейтінін айтып, әрқайсысына мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға, мүгедектерге, жалғыз басты аналарға және аз қамтылған отбасыларға қаржылай-әлеуметтік көмек алып берем деп уәде беріп, әрқайсысынан жеке куәлігінің суреті мен банк счеттарының 20 таңбалы нөмірін алған.

Қажетті реквизиттерді алған соң, жас ер адам микрокредиттік ұйымдардан әртүрлі сомаға онлайн-несие рәсімдеген. Барлық жәбірленушілер бір уақытта полицияға жүгінді. Оларға 1 400 000 теңгеге жуық шығын келтірілген. Күдікті ұсталып, Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына жеткізілді.

Аталаған жайт ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді.