Елордада карантин тәртібіне бағынбағандар полицейді соққыға жықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Патрульде жүрген тәртіп сақшысы мен екі әскери қызметкерге тұрғындардың бірі аулада бірнеше адамның арақ ішіп, шулап отырғандарын айтқан. Ал, оларға ескерту жасауға барған құқық қорғау орган қызметкерлеріне біреуісі қарсылық білдіріп, дене жарақатын салған.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда карантинге жабылған үй аумағына өтіп кетпекші болған 30 жастағы азамат ұсталды. Тәртіп сақшыларына жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетпей, ережеге бағынбаған.
«Ол азамат маски кимеген. Карантин аумағына кіргенде біз тұрғындарды жеке құжаттарын «Сергек» арқылы тексереміз. Барлығының мәліметтері сол жүйеге енгізілген. Ал ұсталған азамат жеке куәлігін көрсетуден бас тартты. Полицейлерге бағынбады. Нәтижесінде оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Дегенмен көпшілік түсіністік танытып жатыр. Бізге қиын жағдайда көмек көрсетіп, жатқан азаматтарға алғыс білдіргім келеді», – деді қалалық Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Досман ЖАКИН.