Мақтаарал ауданының Нұрлыжол, Фердоуси, Өргебас, Достық және Жеңіс елдімекендерінен 6 миллион 200 000 текше метр су сорылды. Бұл туралы Түркістан облысы төтенше жағдай департаменті мәлімдейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ төтеншеліктердің хабарлауынша, осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 22 шақырым уақытша бөгеттер салынып, 87 мыңнан астам қап төселген және суды бұру үшін 3 коллектор орнатылған. Онда қазір 1626 адам, 324 бірлік техника, 17 жүзу құралы, 217 мотопомпа жұмыс істеп жатыр.
Жаңатұрмыс, Фердоуси, Өргебас, Жантақсай ауылдарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 4 блок-бекет қойылған.
«Кешелі бері ІІМ министірлігі және жергілікті атқарушы органның бекітілген техникасы және Өзбекстан Республикасы тарапынан жұмылдырылған қызметкерлердің күш құралдарымен 300 текше метрден астам су сорылып, қауіпсіз жерге тасталды», - деді Түркістан облыстық Төтенше жағдай департаментінің басшысы Нұрғали ЖҮНІСОВ.
Айта кету керек, Мақтаарал ауданында топан су басқан ауылдардан 32 мыңнан астам адам эвакуацияланған болатын. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зардап шеккен тұрғындарға баспана салуды салуды тапсырған болатын. Қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары басталып кетті.