|
26.08.2020 | 17:49
4400

Карантинге қарамастан, қалааралық автобустар жасырын адам тасуын тоқтатар емес

Елімізде қалааралық автобустарға рұқсат берілмесе де, жасырын түрде адам тасып жүргендер көп

Карантинге қарамастан, қалааралық автобустар жасырын адам тасуын тоқтатар емес Almaty.tv.

Елімізде қалааралық автобустарға рұқсат берілмесе де, жасырын түрде адам тасып жүргендер көп. Сала мамандары қоғамдық көліктерге қойылған шектеуді алу ерте екенін айтады. Әуезов ауданының мобильді тобы Сайран автобекеті маңайынан адам жинап, Таразға және Қызылорадаға рұқсатсыз бара жатқан автобустарды ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәртіп сақшылары Райымбек батыр даңғылында өзге қалаларға бағыт алған бірнеше автобустарды ұстады. Мәселен, мына адам толы қоғамдық көлік Қаскелеңге жол тартқан. Көлік жүргізушісі адам тасымалдаумен айналыспаймын, тек жолай қол көтергендерге тоқтап, алып кетпек болдым деп ақталды. Сол себепті жүргізуші ғана емес, жолаушыларға да түсініктеме жазуға тура келді.

«Арнайы осы бағытта жұмыс істеуші емеспін. Кетіп бара жатқам өз шаруаларыммен. Жолда адамдар қол көтеріп тұр, Төле би-Момышұлына барсаңыз да сол. Ілінгенін алып кеттік. Адам тасымалдаумен айналыспаймын», – деді автобус жүргізушісі Абдолла Мұратбеков.

Ал, мына Таразға бағыт алған көлік жүргізушісі тәртіп сақшысының ескертуіне тоқтамай, қаша жөнелді. Десе де алысқа қашып құтыла алмады. Оншақты адамға шақталған автобустың іші толық емес. Бірақ қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, облыс арасында автобуспен жолаушы тасымалына тыйым салынған.

Қызылордаға бағыт алған мына қоғамдық көліктің ішінде бос орын жоқ. Автобус жүргізушісі күнделікті осы бағытта адам тасымалдап жүргенге ұқсайды. Ол Сайран автобекеті маңайынан жолаушыларды билетсіз қабылдаған.

«571-бап бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды, онда жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзуға сәйкес әкімшілік-хаттама толтырылады. Мұндай жағдайды көлік жүргізушісіне 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады», – деді қалалық ПД жергілікті полиция қызметінің аға лейтенанті Бауыржан Жақсылықов.

Мамандардың айтуынша, соңғы күндері басқа қалаларға жасырын қатынайтындар көбейген. 10 күннің ішінде 30-дан астам автобусқа хаттама толтырылыпты. Бұл осыған дейінгі жүргізілген рейдік шаралардан әлдеқайда көп дейді.

«Соңғы 10 күннің ішінде осындай қала арасында қатынайтын автобустар көбейіп кетті. Арыздар мен осындай жағдай көбейгеніне байланысты жүргізіліп жатыр. Күніне 2-3 хаттамадан толтырып жатырмыз», – деді қалалық Мобилділік басқармасының бас маманы Азамат Есжанқұл.

Ұшақпен және теміржол көлігімен сапарлаған кезде, жолаушылардың арақашықты ұстауын, олардың маска тағуын қадағалайтын жолсеріктер болады. Ал қала арасында автобуспен тасымалдауда мұндай қадағалау болмайды. Ондағы жүргізушінің міндеті – көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол себепті қазіргі кезде қалалар арасында автобус қатынасын жандандыру ертерек дейді мамандар.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир