Қостанайда питбуль әйелге шабуыл жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Instagram әлеуметтік желісіндегі қостанайлық "Наша газета"-парақшасында қолданушылар үндеуі мен иттің қала тұрғынына шабуыл жасағаны түсірілген видео жарияланды.
"26 қарашада Молодежи бульварына жақын маңдағы мәдениет сарайы ауданында сағат 17:28-де ит адамға шабуыл жасады. Тұмылдырығы жоқ питбуль серуендеп бара жатқан әйелге жүгірген. Алдымен ол әйелдің жанындағы итке атылған, содан кейін әйелге ауысып, екі аяғын кезекпен талап тастаған", - делінген басылым парақшасында.
Басылым мәліметіне сүйенсек, питбульдің иесі итін қуып жетіп, әйелден ажыратып алып, жәбірленушіге назар аудармай әрі қарай серуендеп кеткен. Сағат 18:15-те әйелді оқиға куәгерлері жедел жәрдем пунктіне алып келген.
Басылым авторлары қазіргі уақытта арыз жазып, құқық қорғау органдарында іс қозғалғанын хабарлады.
Ит Пират есімді ақ питбуль екені белгілі. Қожайыны туралы - ол 25-27 жас шамасындағы қара күртеше киген ер адам.