Алматыда қатты желден зақымдалған ғимараттар жөнделіп жатыр

30.03.2022 21:22

Боран салдарынан 45 ғимараттың шатыры ұшып кетті

Алматыда кешегі дауылдан 45 ғимараттың шатыры ұшып, 25 автокөлік бүлінген. Қала көшелерінде кептеліс болып, бірнеше электр сымы зақымданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екпіні күшті дауыл тіпті әуежайдағы ұшақты да орнынан қозғалтып жіберген. Қалалық төтенше жағдайлар бөліміне жедел 45 хабарлама келіп түскен. Мамандар қазір зақым келген ғимараттардың салдарымен күрес жұмыстарын жүргізіп жатыр.  

«Жедел жәрдем қызметінің мәліметі бойынша 2 ер адам жеңіл жарақатын алды. Олар медициналық көмек алып, үйлеріне қайтты. Қазіргі уақытта олардың денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінен -27 қызметкер, 11 бірлік техника, 3 мотопомпа, әкімдіктердің мердігерлік ұйымы және құтқару қызметтері 109-127 адам және 57 бірлік техника жұмылдырылды», - деді Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Бағдат Шәйзада.