Стамбұлда өткен жүздесуде тараптар бейбітшілік жолында айтарлықтай жетістіктерге жетті
Украина мен Ресей арасындағы келіссөз алғашқы нәтижесін берді. Кеше Стамбұлда өткен жүздесуде тараптар бейбітшілік жолында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Мәскеу әскери белсенділікті бәсеңдетуге уәде берсе, Киев НАТО-ға кіруден бас тартуға дайын екенін мәлімдеді. Дегенмен әзірге екі ел қақтығысты тоқтату бойынша ымыраға келген жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Стамбұлда өткен кезекті кездесуде екі елдің делегациясы әскери іс-қимылға қатысты бірнеше мәселе бойынша келісімге келді. Атап айтқанда, Украина Еуропалық Одаққа кіруге ниетті екенін мәлімдеді. Бірақ НАТО-ға кіруге және оның аумағында өз әскерлерін орналастырудан бас тартуға келісіп отыр. Ал Ресей өз кезегінде әскери белсенділікті бәсеңдететінін алға тартты.
«Киев және Чернигов облыстарында әскери шабуылды бәсеңдету туралы келісімге келдік. Бірақ негізгі шешімдер Киевте қабылданады және одан әрі жұмыс істеу үшін дұрыс жағдай жасалуы керек деп есептейміз», – дейді РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин.
Ресей билігі әзірге атысты толық доғармайтынын, бірақ жағдайды ушықтырмауға тырысатынын айтып қалды. Бірақ Украина президенті Владимир Зеленский бейбіт келіссөздер оң нәтиже беретініне сенеді. Тек тараптар берген уәдені іс жүзінде дәлелдесе болғаны дейді.
«Соңғы келіссөзде бірқатар мәселе бойынша жетістікке жеттік. Бірақ ресейлік әскерлер біздің елді әлі де зымырандармен соққылап, бомба тастауын доғарар емес», – дейді Украинаның президенті Владимир Зеленский.
Еуропа елдері де соңғы келіссөздің алғашқы нәтижесі іс жүзінде жүзеге асуы қажет деп есептейді. Дегенмен батыс мемлекеттері әлі де қырағылықты жоғалтпауы керек деп санайды.
«Украина қақтығыста Ресейдің әрекетін дұрыс бағалап, оны оңтайлы шешудің маңыздылығын ескеруі қажет. Біз тек бір нәрсені ғана айта аламыз - Ресей ымыраға келеміз дейді. Бірақ оның әрекетін назарда ұстаған жөн», – дейді АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.
Бүгінде Украинадан бас сауғалап кеткен босқындар саны төрт миллионға жуықтаған. Ал еліміз ол жақтан отандастарымызды эвакуациялауды аяқтады. Бұл туралы Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады. Барлығы Катовице қаласына жеті рейс ұйымдастырылды.
Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы