40 жастан асқан азамат көрші баланың көзін көгертіп, тісін сындырған
Ақмола облысының Қосшы қаласында 9 жастағы баланы ер адам аяусыз ұрып тастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға ойын алаңқайында болған. 40 жастан асқан азамат көрші баланың көзін көгертіп, тісін сындырған. Мәселе балмұздақтан басталған. Көршінің баласы балмұздағыма Баграм топырақ шашты деп әкесіне шағымданып барады. Зардап шеккен баланың анасы Юлия Манукянның сөзінше, әлгі азамат баланы жұдырықтың астына ала жөнеліпті.
«Баграмның бетінен оңдырмай жұдырықпен салып қалған. Ұлым асфальтқа мұрттай ұшып, басын соғып алады. Сосын оның үстінен төніп, балмұздақты аузына тығып, бетіне жағады. Тісін қағып алған, бет-аузы көгерген. Бас миы шайқалған. Балам әбден қорқып қалған», – деді Қосшы қаласының тұрғыны Юлия Манукян.
Оқиға орын алған кезде аулада бір топ бала ойнап жүрген. Зардап шеккен баланың анасы еңгезердей ер азамат баласын жұдырықтап жатқанын аулада отырған ересектер де көргенін айтады. Алайда оған ешкім араша түспеген.
Юлия Манукян жұмыста болған. Үлкен қызы қоңырау шалып, жағдайды баяндаған соң үйіне алып-ұшып жетіпті. Оның айтуынша, екі бала кішкентай кездерінен дос, тіпті, бір балабақшаға барған. Ол отбасы туралы жаман сөз естіген емеспін дейді. Оның сөзін баланы соққыға жыққан азаматтың көршілері де дәлелдеп отыр.
«Өте жақсы. Жұмысқа барады, келеді. Екі баласы бар отбасы. Өзімнің баламдай, өте жақсы. Мінезі де жақсы. Сыйластыққа өте тәрбиелі бала», – деді Қосшы қаласының тұрғыны Мағия Сенбаева.
Оқиға бойынша Ақмола облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Балалар алаңында ойнаған кәмелетке толмаған балалар арасында жанжал болғаны анықталды. Аталған факті бойынша денсаулыққа келген зиянның ауырлығын анықтау үшін сот медициналық-сараптама тағайындалды», – деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі Әсем Әбдікәрімова.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық Кодекстің кәмелетке толмаған балаға қатысты денсаулыққа қасақана зиян келтіруі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Зардап шеккен баланың анасы қол көтерген азаматтың туғандары кешірім сұрап, өтінішін қайтып алуды өтініп жүр дейді. Алайда ол Заңмен жазасын алуы тиіс деп отыр.
Асылбек Тойбек, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» теларнасы