Олар елшіге хабарласып, келе жатқанын, көмек керегін айтқан
Мьянмада еңбек құлдығында болған Қазақстанның төрт азаматы жуырда елге оралады. Ал бір отандасымыз қашып шыға алмаған. Енді ондағы жеке компания отандастарымыздың әрқайсысы үшін 6 миллион теңге талап етіп отыр. Сыртқы істер министрлігі қазақ жігітімен байланыс орната алмай жатқандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тек компания басшылығымен және күзетшілерімен ғана сөйлесіп жатыр екен. Оның өзі, олар мардымды жауап бермейтін көрінеді. Қомақты ақша табамыз деп барған бес жігіт, Таиландтағы елшіліктен көмек сұрап хабарласыпты. Ал елшілік отырған жер мен отандастарымыз орналасқан аймақтың арасы 7-8 сағаттық жол екен.
«Бесеуі су арқылы жүзіп өтпек болған, төртеуі үлгерген. Біреуі жағада қалып қойған. Соны компанияның өкілдері ұстап, кері қайтарып алды. Ал өзеннен жүзіп өткен төртеуінің соңынан компания өкілдері де шекараны бұзып өтіп, Таиланд аумағында қуған. Біздің жігіттер елшіге хабарласып, келе жатқанын, көмек керегін айтқан», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров
Қазір төрт жігіт Бонгкокта, олар жақын күндері елге қайтарылады. Айта кетейін, бұл жігіттер жақындарына «шетелге жұмысқа кетіп барамыз» деп ескертпеген екен. Енді, әр адам үшін 6 миллион теңгені туыстары төлеуі керек.