Әлеуметтік желіде қазақстандық отбасы Таиландқа қыдырып барып, балаларын жоғалтты деген ақпарат тарады, онда балалары қонақүйде жалғыз қалған кезде жоғалғаны айтылады, хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл жазбаға қатысты Instagram-дағы novosti.karaganda паблигінің жазуынша, қазақстандық отбасы Таиландта балаларын жоғалтып, оларды таба алмай елге қайтқан.
- Атын атамайық, бірақ бір ата-ана Қазақстанға баласыз оралды. Таиландта ата-ана балаларын бөлмеде қалдырып, дискотекаға кеткен. Келсе балалары жоқ. Олар қонақүйде шу шығарып, полиция шақырған. Балалар сол күйі табылмады. Балаларды ешқашан жалғыз қалдырмау керек, - делінген жазбада.
Жазбаға осыған ұқсас бірнеше жағдай болғаны туралы пікір қалдырған желі қолданушылары да бар.
Сыртқы істер министрлігі Таиланд корольдігіндегі Қазақстан елшілігінен 2023 жылы баласын Таиланд елінде жоғалттым деген ата-аналар бар-жоғын анықтап берді.
- Таиланд корольдігінің аумағында балалардың жоғалуы фактісі бойынша Қазақстан азаматтарынан өтініш түспегені айтылған. Сонымен қатар белгісіз тұлғалар курорттық аймақтарда балаларды ұрлайды деген ақпарат Таиландтың бұқаралық ақпарат құралдарында тіркелген жоқ, - делінген сауалхатта.
Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның Таиландтағы елшілігі осы елдің туристік аймақтардағы құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыс орнатқан.
- Қазақстан азаматтарынан өз құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша арыз түскен жағдайда қазақстандық дипломаттар мәселені жедел түрде шешу үшін барынша қолғабыс көрсететінін мәлімдейміз, - дейді ведомство өкілдері.
Оқи отырыңыз: Бала саудасы: Атырауда безбүйрек ана 8 жылға сотталды