Павлодарда ер адамды пойыз қағып кетті. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Жазатайым оқиға 21 шілдеге қараған түні орын алған. Павлодар пайдалану депосының мәліметінше, машинист шұғыл тежеуді қолданған, алайда пойыз тоқтап үлгермеген. Марқұмның жеке басы әлі анықталған жоқ. Тұрғылықты жері жоқ адам болуы мүмкін деген болжам бар. ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, аталмыш факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Іс ҚР ҚК 344-бабының екінші бөлігі - «абайсызда адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігінің қозғалыс қауіпсіздігін немесе оны пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша қаралуда.
Тергеу мүддесіне және ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына байланысты департаментте толық ақпарат жария етілмейді. Павлодар депосында пойыз машинистері жақындап қалғанын дыбыспен ескертеді. Егер реакция болмаса, жедел тежеу қолданылады. Электровоздың тежеу қашықтығы 500 метрге дейін жетеді, сондықтан егер объект жақын болса, локомотивтің тоқтауға уақыты болмайды. Бұған дейін машинистер пойыздардың шұғыл аялдамалары не үшін қажет екенін айтқан болатын.