«Көз тартар шынайы әлем». Алматыда дәл осындай атаумен танымал кескіндемеші Елена Бейсембинованың көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шығармашылығына табиғат көрінісін арқау еткен суретші биыл 80 жасқа толды. Мерейтой қарсаңында өткізілген бұл шараны Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы ұйымдастырған. Шығармашылық жолын 1985 жылы кескіндемеден бастаған оның туындылары бүгінде әлемдік көрмелердің төрінен орын алды. Жоғары білімін Мәскеуден аяқтап, Алматыға келгеннен кейін ол «Қазақфильм» киностудиясында біраз жылдан бері мультфильмдердің қоюшы-суретшісі қызметін атқарған. Көрмеге музей қорынан және автордың жинағынан алынған 90-нан астам туынды қойылған.
«Рухани азық іздеген алматылықтар мен қала қонақтарына керемет мүмкіндік. Көрмеде Елена Бейсембинова туындыларының түпнұсқасы және көшірме картиналары қойылған. Әйгілі суретшінің шығармалары біздің мұражайда бұрыннан бар. Бұл жолғы көрме оның өмірі мен шығармашылығын кеңінен тануға мүмкіндік бермек», – деді Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары Светлана Қобжанова.