Алматы облысында жотадан сырғанақ теуіп жүрген 10 жасар қыз мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайғылы оқиға 19 желтоқсанда Көксу ауданындағы Мұқры тауында орын алған. Онда бүлдіршін анасымен бірге барыпты. Алдын ала болжам бойынша қыз бала басынан жарақат алған.
Жергілікті әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, ол аумақта сырғанауға рұқсат жоқ. Қазір онда тыйым салу белгілері орнатылды. Құқық қорғау органдары аталған факт бойынша тергеу амалдарын бастап, арнайы сараптама тағайындады.
Дәл осындай оқыс жайт Петропавлда да орын алған. Борка ауылында сырғанақ тебуге барған бой жеткен ауыр соққы алып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Ол төмен қарай құлдилап келе жатқанда ағашқа соғылған. Осы оқиғадан соң Боркадағы сырғанақ жабылды.
«Қыз бала тюбингке мініп, ағашқа соғылған. Алған жарақаттарынан ол жедел жәрдеммен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр, бірден комаға түсті. Жағдайы ауыр», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар ҚАЛИЕВА.