Алматы облысында ауыл тұрғындары 9 күн бойы ауыз сусыз отыр

Алматы облысында ауыл тұрғындары 9 күн бойы ауыз сусыз отыр
Бақша суарып, егін егетін көпшілік «қазір өсімдік емес, өзіміз ішетін су қалмады», дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғындары 9 күн бойы ауыз сусыз отыр. Бүгінге дейін де ара-тұра су тоқтап қалатын деген көпшілік мәселенің мән-жайын ешкімнің ашып айтпағанына наразы. Апта бойы ауызсудың болмауына не себеп? Жиналған жұрттың назын тыңдауға келген әкім не дейді? Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас тарқатады.

Облыста эпидахуал күрт нашарлаған тұста санитарлық талаптарды былай қойғанда, Қарабұлақ ауылының тұрғындары апта бойы сусыз отыруға мәжбүр. Бақша суарып, егін егетін көпшілік «қазір өсімдік емес, өзіміз ішетін су қалмады», дейді. Олар аталған мәселе бойынша алғашында әкімдікке де барған. Бірақ жауап жоқ. Нақты себепті айтқан да ешкім болмапты.

«Су жоқ жуынатын, не қол жуатын. Мына коронавирус кезінде қиын болды», – деді  Қарабұлақ ауылының тұрғыны Төлеуғайша Рахымберлина.

«Насос ауыстыру деген 2-ақ сағаттық жұмыс.  2 жеті боп қалды. Су жоқ. Айтады: «Насосты шығарамыз, жасаймыз». Сендер қосымша насосты неге алмайсыңдар? Солай болуы керек қой», – деді  Қарабұлақ ауылының тұрғыны Мұхамеджан Жаңбырбаев.

Тұрғындардың сөзіне сенсек, мына су қабылдау мұнарасының тұрғанына 50 жылдан асыпты. Бұл да бір мәселе. Ал, жауапты өкілдерден ешқандай мәлімдеме болмаған соң, көпшілік аталған мәселенің әуелі себебін анықтау үшін мердігерлерге жүгінген. Олар екі бірдей құбырдың істен шығуы салдарынан осындай жағдай туындап отыр дейді. Ал, бірнеше күн бұрын ғана жаңадан сайланған әкім ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі мүмкіндігінше жақын уақытта шешіледі деп сендірді.

«Сметалық құжаттамаға байланысты су құбыры жасалып, басқа жаңа құбырлармен су жүретін болады. Қазір мына екі насос бар. Екі насос суды сорып, үлкен резервар бар. Сол резерварда тікелей эфир жасадым халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу үшін», – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов.

Сумен қамту жүйесі нақты қай уақытта іске қосылатынын жаңа сайланған әкім нақты айта алмады. Дегенмен халық қалаулысы «қолда бар мүмкіндіктің бәрі пайдаланылады, сондай-ақ сметалық құжаттар бойынша жұмыс жүргізіледі», дейді.

Мадина Оқас, Әнуар Амангелдинов, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров