Нұр-Сұлтанда құрылыс алаңында жұмысшы көз жұмды

18.05.2022 01:08

Оқиға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында болған

Almaty.tv

Нұр-Сұлтанда құрылыс алаңында жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу барысында болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, жүк көтергіш механизмді пайдалану кезінде биік кранның темір тросы үзіліп кеткен.  Қазір жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылып жатыр.

«Комиссияның құрамына Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің инспекторы тағайындалады. Комиссияның құрамы бүгін бекітілген соң кейін тергеп тексеру басталады. Биылғы адам шығыны бар апатты 3-жағдай», – деді ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Нұр-сұлтан қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Бауыржан Қаратаев.

Мамандардың айтуынша, кәсіпорындарда әлі де еңбек қауіпсіздігі сақталмай тұр. Осы жылдың 3 айының өзінде еліміздің кәсіпорындарында 313 адам зардап шеккен. Оның ішінде 47 адам қаза тапты. Жауапты министрліктің мәліметі бойынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 30% - дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында және құрылыс саласында тіркелген.

«Өткен жылы еліміздің кәсіпорындарында 1467 адам зардап шекті. Бұл 2020 жылға қарағанда 2,4% - ға аз. Оның ішінде 200 адам қаза тапты. Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: зардап шегушінің өзінің өрескел абайсыздығынан және жұмыс өндірісінің дұрыс ұйымдастырылмауынан болады» – деді ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің бас сарапшысы Сағихан Төлеуғали.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары кәсіпорындарға тексеру жүргізіп тұратындарын, алайда қауіпсіздік шараларын сақтауға ұйымдар мән бере бермейтінін айтады. Мысалы өткен жылы 5 мыңнан астам тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 10 мың 600-ге жуық бұзушылық анықталыпты. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге жалпы сомасы 325 млн теңге құрайтын 1 323 айыппұл салынған.  Атап өтейік, жарақаттанудың жоғары деңгейі еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде сақталған. Бұл Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстары және Алматы қаласы.

Асылбек Тойбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы